***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Талдықорғандық оқымыстылар жерасты жылыжайынан алғашқы өнім жинады. Осылайша қызметкерлер көкөніс өсіру барысында жылу және электр қуатын үнемдеудің тың жолын тапты.
«Көпфункциялы жылыжай термосында жылу және электр қуатын пайдалануды азайту мақсатында былтыр күзге салым бастаған жұмысымыз міне, жақсы нәтижесін берді. «Е» әрпі іспетті жер астын ұңғылай қазылған шұңқырға орнатылған отандық өнім поликарбонаттан жасалған материал төбесінен, ал күн сәулесін жылыжай ішіне шашырататын материал ернеуінен жарық түсіріп тұрады. Оның пайдасы сол - күн сәулесі мен жылуды жақсы сақтап электр қуатын жұмсауды азайтады. Сөйтіп, жылыжайда өзіндік жылу сақталады. Оны 8 ай бойы жасаған тәжірибеміз көрсетті. Біз қияр, қызанақ, бұрыш, ақжелкен, аскөк, тіпті, лимон тұқымын да сеуіп өсіріп көрдік. Осылайша, бұл жерде барлық өнім түрі өсетініне көз жеткіздік. Құрылымда жылу энергиясы тәулігіне 2-3 сағат қана қосылып тұрады. Нәтижесінде жылу энергиясын пайдалану - 30 пайызға, электр қуатын пайдалану - 25 пайызға азайып отыр», дейді жоба жетекшісі - І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры Марат Мәлтекбасов.
Негізінде жер бетіндегі жылыжайларда жылу қуаты тәулік бойы пайдаланатыны мәлім. Оқымыстылар тәжірибесінен өткен жаңа жылыжайға сенім артушылар әлден пайда бола бастады. Өйткені, пайдасы шаш-етектен. Ең бастысы өзінің жылуы мен жарығы бар. Тағы бір артықшылығы - топырақ қабатын белгілі мөлшерде төсеп жасалатын үш сатылы деңгейде өнім етуге болатындығында. Жер бетіндегідей жел жоқ, сол себепті жылу мен ылғал ұзақ сақталып, бір жылда 4-5 ретке дейін өнім алу мүмкіндігі бар екендігін де оқымыстылар жоққа шығармайды. Бұл туралы «Жетісудағы жерасты жылыжайы» атты материалда берілген.
Бас басылымда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің «Елдік істің ұйытқысы - береке-бірлік» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды.
« Биылғы жылы осы реформалардың алғашқы қадамы жасалуда деуге болады. Осыған байланысты ең бірінші айтарым, әзірше жалпы қазақ тілінің орта мектептегі оқу бағдарламасы бұрынғы қалпында пәндік сабақты жалғастыра береді. Сонымен қатар, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінің сағаттарын көбейтіп, оның сапасын арттыру басты назарда ұсталады.
Жаратылыстану (химия, физика, биология, информатика) пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілінде де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр. Сондықтан осы жылдан бастап 73 мың мектеп мұғалімі жаңа әдістемеге сай, арнайы дайындықтан өтетінін еске сала кетейін.
Осы мақсатта және әлемдегі озық тәжірибені кеңінен қолдану үшін биыл 2,5 мың мектепті кең жолақты интернет желісіне қосамыз. Аталған іс-шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен бағдарламада нақты көрсетілген және оған тиісті қаржы да қарастырылған. Сонымен бірге, 73 мың мектеп мұғаліміне жаңа әдістемені үйрететін 80 маман Назарбаев зияткерлік мектептерінде сақадай сай дайын отыр»,-деп жазады министр.
***
«Дулати атындағы ТарМУ-дің PhD докторы, доцент Бекжан Абзалбекұлы - ел аумағында отандық ортопедиялық аяқкиім жасаумен айналысып келе жатқан жалғыз өнертапқыш. Университет базасында әзірленіп келген оның өнімдері алдағы уақытта «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС-де өндірілетін болады»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Өнімі табан дертіне дауа» атты мақаласында.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялануы және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Бекжан Абзалбекұлы табандарының патологиялық ауытқулары бар қазақстандықтарға арналған ыңғайлы аяқ киім құрастыру идеясын ойлап тауып, өз жобасын Литва Республикасында тәжірибеден өткізіп, 2013 жылдан бері елімізде қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған ортопедиялық аяқ киімдерді дайындаумен айналысып келеді. Бекжанның айтуынша, қант диабетімен ауыратын науқастардың 80% диабеттің асқынуының бір формасы болып табылатын табан диабетінің синдромына шалдығады екен. Аталған синдром жазылмайтын жараларға, диабеттік язваға, гангренаға, аяқ ампутациясына, сонымен қатар мүгедектікке және ауқымды қаржылай шығынға алып келеді. Осы індеттің асқынуына жол бермей, алдын алу үшін күресіп келе жатқан өнертапқыштың жобасы нақты уақытта науқастардың жұмысқа жарамдылығын сақтап, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.
Осы басылымда «Қазақстанда жасалатын қарулар» атты мақала жарияланды. Қазақстан Қарулы күштері отандық кәсіпорындарға автоматтың оғынан бастап суға сыйымдылығы 600 тонналық әскери кемелерді жасауға тапсырыс берді.
Осылайша, қазақстандық армия отандық өнімдермен жабдықтала бастады. Бұған дейін «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіретін «Камаз инжиниринг» АҚ Қарулы күштерге тіркемесі бар штабтық машиналарды жеткізген болатын. Бұл кәсіпорын қазақстандық армияны осындай тіркемелері бар машиналардың 10 бірлігімен жабдықтаған. Бұл машиналар арнайы жабдықты тасымалдау, орналастыру және пайдалануға арналған, сондай-ақ далалық жағдайларда командалық құрамдағы командирлердің жатағы ретінде пайдаланылады. Биылғы жылы зауыт тіркемесі бар жаңғыртылған штабтық машиналарды құрастыру бойынша жобаны іске асырмақ. Кәсіпорын оның техникалық жобасын әзірлеп қойды. Қазіргі кезде бұл жоба Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде қаралуда. Жалпы 2005-2015 жылдар аралығында «Камаз инжиниринг» АҚ Қазақстан қорғаныс ведомствосының мұқтаждығы үшін әртүрлі арнайы техникалар жасап ұсынды. Зауыт өндіретін өнімдердің барлығы республиканың ішкі нарығында іске асырылуда.