«Саят Сәриев ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі және 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылған болатын. Осыған орай, оған 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Сот үкімі өзгеріссіз қалды», - деп мәлім етті Алматы облысының соты.
Естеріңізге сала кетейік, қылмыс 2017 жылғы қарашаның 28-інен 29-ына қараған түні, Көксу ауданы Балпық би ауылында орналасқан букмекерлік кеңсе маңында болған. Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, аталған ауыл тұрғыны футболшы Саят Сәриевтен ақша талап еткен. Ал ақша беруден бас тартқан футболшыға қол көтерген. Өз кезегінде Сәриев автокөлігінен заңсыз сақталған шолақ мылтығын алып шығып, ауыл тұрғынына атқан. Ол алған жарақаты салдарынан оқиға орнында мерт болды.
Сот Сәриевті кінәлі деп тауып, оны 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.