Жетісулық әртістер кəсіби мерекелерін ерекше атап өтті

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының ұжымы кəсіби мерекелерін ерекше атап өтті. Сахна шеберлері мінген лимузиндер Талдықорған көшелерімен жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Шаһардың көрікті ғимараттары мен ескерткіштерінің алдында естелік суретке түскен өнер иелерін театр алдында ерекше қошеметпен қарсы алды. Қызыл кілем үстімен жүріп өткен сахна саңлақтары халықаралық театр күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Өнер ұжымын айтулы күнмен құттықтауға облыс əкімі Амандық Баталов арнайы келді. Жылы лебізін білдірген өңір басшысы бірқатар өнер иелерін марапаттады. Театр өнерін дамытуға, халықты рухани байытуға үлес қосып жүрген жандар Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында талантты актер Мұса Аджибеков пен режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Назым Өтеулинова бар. Қасиетті қара шаңырақта ҚР Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Əлихан Ыдрышева, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Өмірсерік Қалиұлы, Мəдениет қайраткері Кендебай Темірбайұлы сынды халықтың сүйікті əртістері еңбек етеді. Ал ұжымды халықтың жүрегінен ерекше талантымен орын алған белгілі актриса Ғалия Темербаева басқарады.



Айта кету керек, алдағы уақытта бұл өнер ұжымы жаңа театрға қоныстанады. Қазір нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр. Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр. Көрермен орны 510 адамға лайықталған. Театрдың құрылысы жоспар бойынша 2018 жылдың 30 маусымында аяқталады.