Жетісулық барлаушылар «Бейбіт миссия-2018» оқу-жаттығуына дайындалып жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының «Жетісу» әскери полигонында 48/386 әскери бөлімінің сарбаздары Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің «Бейбіт миссия-2018» оқу-жаттығуына қызу дайындалып жатыр. 8 мемлекеттің әскерилері қатысатын ауқымды іс-шара Ресейде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бейбіт миссия-2018» антитеррористік командалық-штабтық жаттығуына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Десантты-шабуылдаушы әскерінің 200-ден астам қызметкері және 60-қа жуық техника қатысады. Биылғы оқу-жаттығу Ресей Федерациясының Челябі облысы, Шұбаркөл полигонында 22-29 тамыз аралығында өтеді деп күтілуде. 

Бұл жаттығудың негізгі мақсаты - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің антитеррористік операцияларын бірлесіп өткізіп, ондағы мәселелерді бірігіп шешу және әскерилердің дайындығын пысықтау. «Бейбіт миссияға» жалпы 3 мыңнан астам әскери мен 500 әскери техника топтастырылмақ. 

Оқу-жаттығу барысында қатысушы елдердің бірін немесе бір бөлігін террористер басып алған жағдайдағы әрекеттер пысықталады. Талдықорғандық жауынгерлердің міндеті - артиллериялық, зениттік қару және барлаушы-шабуылдаушы топтың күшімен террористердің көзін жою. «Жетісу» полигонында әскерилер арнайы техниканы сынақтан өткізіп, нысана көздеу, бірдей қимылдау әрекеттерін қайталады. 

Жалпы мұндай ауқымды жаттығулар 2010 жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.