Жетісулық прокурорлар ұрпақтың рухани тәрбиесіне мән беруде
Бұл шараны құзырлы орган қызметкерлері Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы және Ескелді би Жылкелдіұлының 325 жылдығы аясында қолға алып отыр. Аудан прокурорлары білім бөлімімен бірігіп аз қамтылған отбасыдан шыққан бір топ баланы тарихи және мәдени орындармен серуендетті. Саяхат барысында балалар Ескелді би кесенесіне барып, батыр әрі данагөй бабаларының өмірі мен ерліктерінен құлағдар болды. Сондай-ақ олар Алдабергенов ауылында орналасқан Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, тәжірибелі басшы Нұрмолда Алдабергеновтың музейін көрді. Рухани шаңырақта жастар еңбекқор тұлғаның жетістіктерімен танысты. Заң қадағалаушы орган өкілдері осылайша оқушыларды отанды сүюге, тарихты біліп, қастерлеуге, тарихи тұлғалардың өмір шежіресінен үлгі алуға шақырды.