«Жетісулық» волейболшы қыздар Ұлттық лигадағы ел чемпионатында бірде-бір жеңіліс тапқан жоқ

АЛМАТЫ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматыда 22-26 желтоқсан күндері волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының 2-ші туры өтті.

2011/2012 жылғы маусымды жеңіліссіз аяқтаған, Талдықорғанның «Жетісуы» жаңа маусымда да өз мәнерінен танбауда. Олар 2012/2013 жылғы  жаңа маусымдағы алғашқы 2 турдағы сегіз  ойында 23 ұпай жинап, турнир кестінде көшбасшылық тізгінді сақтап ғана қоймай,  2012 жылды да сәтті аяқтап отыр. Келесі тур 24-30 қаңтарда Астанада өтеді. Егер бұл сында да «жетісулықтар» үстем шығатын болса, олардың ел чемпионатындағы жеңістер сериясына 2 жыл толады. Олар соңғы рет ХІХ Қазақстан чемпионатының Павлодарда 8-13 ақпан күндері өткен 3-ші турында барлық қарсыластарын  3:0 есебімен ойсырата ұтып, тек  9 ақпан күнгі екінші ойында Павлодардың «Ертіс-Қазхром» командасына 2:3 (22-25, 25-14, 19-25, 25-18, 12-15) есебімен есе жіберген еді.

2001 жылы құрылған «Жетісу» командасы жалпы ел чемпионатында 2004-2007 жылдары күміс жүлдегер атанды. Ал  2008 жылдан бері олар ішкі біріншілікте қарсылас шақ келтірмей 5 жыл қатарынан Ұлттық лиганың жеңімпазы болды. Сондай-ақ  2011 жылы ҚР Спартакиадасының чемпионы атанды.