Жетісулық волейболшы қыздар Ұлттық лиганың 4-турында қарсыластарына бірде-бір ұпай ұстатпауда

АЛМАТЫ. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Павлодарда волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында Қазақстанның ХХ чемпионатының 4-туры өтіп жатыр.

Алғашқы 5 кездесудің қорытындысы бойынша, Алматы облысының «Жетісу» командасы көшбасшылық тізгінді ешкімге берер емес. Олар 4 ойынның нәтижесінде қоржындарына 12 ұпай салды. «Алматы» - 9,  «Астана» мен «Қарағанды»  - 8, «Ертіс-Қазхром» (Павлодар облысы) - 6, «Металлург АМТ» (Теміртау) -3, ал  «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» бірде-бір ұпайға ие бола алған жоқ.

Бүгін «жетісулықтар» теміртаулық, астаналықтар алматылық, павлодарлықтар қарағандылық құрдастарымен кездеседі. Ал 4-інші турдың 21 ақпан күнгі ақтық кездесуінде теміртаулықтар астаналық,  өскемендіктер «жетісулық», алматылықтар павлодарлықтармен шеберлік байқасатын болады.