Жетісулық жастар латын әліпбиіне көшуді қолдайды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісулық жастар мемлекеттің латын әліпбиіне көшуін бірауыздан қолдайды. Елбасының игі бастамасын заман қажеттілігі деп қабылдаған олар Талдықорғанда арнайы флешмоб ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолшатыр ұстаған жастар «Қолдаймыз» деген жазу жазып, сап түзеді. Біз елімізді рухани жаңғыруға бастайтын өскелең ұрпақ ретінде ләтін әріптерін ең бірінші кезекте меңгеруіміз қажет деп үндеу тастады.

«Біздің ветеринария саласында көбінесе дәрі-дәрмектер аурулардың көбісі латын әрпінде, латын тілінде кездеседі. Сондықтан да мен үшін және басқа да ветеринария бөлімінде оқитын балалар үшін латын әліпбиі өте қолайлы және оңай», - дейді студент Ислам Ермекұлы.

Латын әліпбиін қолдау акциясына белсене қатысқан Талдықорған агротехникалық колледж студенттеріне жаңа әліпбиді меңгеру өте оңай болады. Себебі малдәрігерлік мамандықты таңдаған тәлімгерлер бірінші курстан латын тілін үйренеді.