Жетісулықтар Базарбек Тезекбаевты ақтық сапарға шығарып салды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін жетісулықтар ҚР Мәдениет қайраткері Базарбек Тезекбаевпен қоштасты. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өзі қызмет еткен Бикен Римова атындағы театрда өтті.


Базарбек Тезекбаевпен қоштасуға өңір басшылары, зиялы қауім өкілдері мен ет жақындары келді. Жиналғандар  марқұмның отбасы мен туған-туыс, жақын-жуықтарына қайғырып көңіл айтты. Мезгілсіз қаза болған өнер иесінің артында жары жəне екі ұл, екі қызы қалды.

 

Базарбек Тезекбаев 1952 жылы 6 сәуірде Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қоянкөз ауылында дүниеге келген. Қоянкөз, Жоламан ауылдарының мәдениет үйлерін басқарған өнер иесі 1990-1999 жылдар аралығында Кербұлақ аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2000-2003 жылдары осы бөлімде бас маман болып еңбек етті. Ал 2003-2010 жылдары Б. Римова атындағы драма театрының әкімшілік директоры, 2010-2015 жылдары директоры қызметтерін атқарған.

Өнер саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Базарбек Тезекбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы», «Үздік еңбегі үшін» және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальдарының иегері атанған.