«Жетікөл» каналы 26 жылдан кейін алғаш рет тазартылды: 10 көлге су жеткізу жақсарды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл «Қазсушар» РМК-ның Қызылорда филиалы Сырдария ауданындағы «Жетікөл» суару каналын 26 жылдан кейін алғаш рет механикалық әдіспен тазалады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл жұмыстар каналдың 16,5 шақырымдық учаскесінде жүргізілді. Нәтижесінде 10 көл жүйесін, сондай-ақ канал бойындағы жайылымдар мен шабындықтарды сумен қамтамасыз ету жақсарды.

Бұдан бөлек, каналдың тазартылуы Жетікөл, Амангелді және Айдарлы ауылдық округтеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын суару суымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес Қызылорда облысындағы 181 көл жүйесіне, сондай-ақ шабындықтар мен жайылымдарға су жіберіліп жатыр. Жыл басынан бері экологиялық мақсатта «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы 942 млн текше метр су жіберді. Жыл соңына дейін қосымша шамамен 258 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр»,
- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

тақырып керек