Жетісу әкімі өңірдің дамуы туралы: жоспар артығымен орындалды

Фото: Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қысқа мерзімді экономикалық индикатор артығымен орындалып, 112,3%-ға жеткенін айтты.

- Биыл 11 айда негізгі индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалды. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,3% құрады. Оның ішінде, ауыл шаруашылығындағы өсім – 3,7%, өнеркәсіпте – 3,6%, тұрғын үй 4,4%, құрылыс жұмыстары – 1,4 есе, сауда 1,3 есе ұлғайды. Жыл басынан бері облыс экономикасына 38% өсіммен 396 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 291 млрд теңге жеке инвестиция есебінен. Жалпы мемлекеттік бюджетке 286 млрд теңге түсті, оның ішінде жергілікті бюджет 1,6 есе өсіп, 106 млрд теңгеге жетті, - деді Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып. 

Әкімнің айтуынша, өңір экономикасының ілгерілеуінде агроөнеркәсіптің рөлі басым. 

- Биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд теңге бағытталды, оның 23,3 млрд теңгесі субсидиялар. 510 мың га егіс алқабына 872 мың тонна дәнді және 195 мың тонна майлы дақылдар егілді. Осы маусымда 266 мың тонна көкөніс және132 мың тонна картоп өндірілді. Сонымен қатар Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Облыстың 5 ауданында 8 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылып, 30 шаруа қожалығына құны 2,5 млрд теңгеге қант қызылшасы өндірісіне қажетті 62 бірлік техника сатып алынды. Биыл қант қызылшасының егіс алқабы 1,7 есеге ұлғайып, 13,7 мың гектарға жеткізілді, 635 мың тонна тәтті түбір жиналды. Осылайша Ақсу қант зауытына Жамбыл облысынан қосымша 100 мың тонна қант қызылшасы қабылданды, - дейді ол. 

Еске сала кетейік, 12 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапарымен барды. Президент өңірдегі бірқатар өнеркәсіп және әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.