АСТАНА. KAZINFORM — Филиппинде волейболдан әйелдер командалары арасында Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» жартылай финалға жолдама алды.
Талдықорғандық команда ширек финалда филиппиндік «PLDT High Speed Hitters» клубымен алаңға шықты.
Бірінші партияда талдықорғандықтар бет қаратпады — 25:13.
Есесіне екінші және үшінші сет тартысты өрбіді. «Жетісу» бапкері, сербиялық Марко Гршич керек кезінде үзіліс алып, ойыншыларына дұрыс бағыт бере білді — 25:22, 25:20. Қорытынды есеп — 3:0.
«Жетісудың» жартылай финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының Азия чемпиондар лигасының ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).