Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды

АСТАНА.KAZINFORM — Дәурен Сәкенов Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы өңірдегі тілші жазды.

Фото: Жетісу облысының ПД

Дәурен Сәкенов ішкі істер органдарындағы қызметін 2007 жылы бастаған. Еңбек жолын Ақсу ауданында жедел уәкіл қызметінен бастаған ол осы жылдар ішінде жедел қызметтің түрлі лауазымдарында еңбек етіп, кәсіби тұрғыда өсті.

Жаңа басшының ауыр және аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары бойынша мол тәжірибесі бар. Кәсібилігі, принципшілдігі мен практикалық тәжірибесі оның білікті басшы әрі жедел қызметтің тәжірибелі маманы ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.

Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметінде Дәурен Сәкенов қоғамдық тәртіпті нығайту, полиция бөлімшелерінің жұмыс тиімділігін арттыру және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Бұған дейін Ербол Салихбаевтың Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры болып тағайындалғаны хабарланған болатын.