Жетісу облысы: СЭС құрылысына ауыл тұрғындары алаңдап отыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында Көксу өзенінің жағасына салынатын СЭС-ке қатысты ауыл тұрғындарымен талқылау өтті. Жиындағы жұрттың пікірі екіге жарылды.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданында Рудничный СЭС құрылысын салуға қатысты ауыл адамдарымен жиын өтті. Жаңа құрылысқа қатысты Рудничный ауылы халқының пікірі екіге бөлінді. «Экологиямыз бен қауіпсіздігімізге кепіл жоқ» деп шулаған топқа ауылда жаңа жұмыс орнымен жаңа мүмкіндіктер ашылады деушілер қарсы уәж айтты. Ал өңір белсенділері СЭС Көксу өзенін құрдымға жібере ме деп қауіптенеді.
– Біз бұл мәселені неге көтеріп, шулап жүрміз? Ауыл адамдарымен онлайн тыңдалым өтті дейді. Оны естіген, білген адам жоқ. Әлеуметтік желіде шу шыққан соң ғана бүгін жиын жасап жатыр. Енді 200 шақырымдық ғана шағын өзенге мемлекеттік жоспар бойынша 10 СЭС салайын деп жатыр. Соның бәрі салынса, өзеннен не қалады? Бөген жасайды, суды жинайды. Рафтинг өткізетін адамдарға айтып жатыр: өзеннің ағынын жасап береміз деп. Ол қалай болады? – деді экобелсенді Әлия Ахмедиева.
Жаңа құрылысқа жауапты мамандар халықтың алаңдауына ешқандай негіз жоқ деп сендірді.
– Біз бұл жерге ауқымды дамбы емес, су бөгенін ғана саламыз. Құрылысты қытайлық білікті мамандар жүргізеді. Өзен жағасындағы жасыл желек пен судағы балықтарға ешқандай залал келмейді. Көксу өзенінде ұйымдастырылатын рафтинг жарысына да кедергі болмайды. 500 жұмысшы аламыз, СЭС іске қосылғанда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді құрылысқа жауапты маман Әли Қарабалин.
Демалыс аймағы мен бейіт басына бара алмай қаламыз деген ауыл тұрғындарының шағымына да Қарабалин шешім табылатынын айтты.
Еске салайық, осыған дейін жетісулық белсенділердің дабыл қаққанын жазғанбыз.