Нәтижесінде 230 литр заңсыз алкоголь өнімін сату фактісі анықталып, 13 сауда нысанының иесіне әкімшілік хаттама толтырылды.
— «Қауіпсіз отбасы — тұрақты қоғам» жобасы аясында прокуратураның бастамасымен мемлекеттік кірістер органдары, полиция, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мемлекеттік құрылымдардан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Бірлескен рейдтер кезінде алкоголь өнімдерін тиісті рұқсатсыз сату, кәсіпкерлік қызметті заң талаптарын бұза отырып жүргізу және тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдемеу фактілері анықталған, — деп хабарлады Жетісу облысының прокуратурасы.
Сот шешімімен барлық құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, олардың алкоголь өнімдерін өткізу лицензияларының қолданысы тоқтатылды.
Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралар аудандағы қылмыстық ахуалға да оң әсер еткен. Биыл Қаратал ауданында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 42,1%-ға — 19-дан 11-ге дейін азайған. Ал мас күйінде жасалған қылмыстар 46,2%-ға — 13-тен 7-ге дейін төмендеген.
Еске салайық, бұған дейін Оралда көліктен 400 литрге жуық заңсыз алкоголь өнімі табылғанын хабарлаған едік.