Жетісу облысында 1,5 млрд теңгелік алтын құрамды кенді заңсыз әкету әрекеті тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM- Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді елден заңсыз алып шығу әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Фото: видеодан алынған скрин

Шикізатты шетелге шығару үшін кеден құжаттарында жүк «мыс кені мен концентраттары» деп көрсетіліп, оның нақты құрамы жасырылған.

Кейінгі тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 000 тоннадан астам шикізат табылды.

Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталды.

-Екі күдікті қамауға алынды. Соттың рұқсатымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстан алтын өндіруден әлемдегі үздік 15 елдің қатарына кіреді.