Жетісу облысында 160-қа жуық жұмысшының еңбек құқығы қорғалды

Фото: ҚР Үкіметі

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген тексерулер нәтижесінде Жетісу облысының Қаратал ауданында жүздеген азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

қаратал аудандық прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде соңғы екі жылда 90-нан астам жұмысшының жыл сайынғы скринингтік медициналық тексеруден өтпегені анықталған. Жұмыс берушілер қызметкерлеріне заңда көзделген әлеуметтік демалысты бермеген.

- Сондай-ақ, 70 қызметкердің еңбек қызметі кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты болмаған. Бұл – жұмыс берушінің заңмен бекітілген міндеттемесін бұзуы болып табылады, - делінген ақпаратта.

Аудандық прокуратураның қадағалау актісі негізінде азаматтардың еңбек құқықтары қалпына келтіріліп, үш жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы – қадағалау органдарының басты назарындағы мәселе болып отыр.

Еске салайық, енді еңбек шартын онлайн рәсімдеуге болады.