Жетісу облысында 30 мың гектарға жуық пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысының Қаратал ауданында прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде жалпы аумағы 30 мың гектарға жуық жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың кадастрлық құны 44 млн теңге.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Қаратал ауданының прокуратурасымен жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде бұған дейін жер пайдаланушыларына берілген жер учаскелерін ұзақ уақыт тиісті мақсатта пайдаланылмағаны және осыған байланысты жер заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталды.

Уәкілетті органға енгізілген қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша пайдаланылмай жатқан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару оларды шаруашылық айналымға тартуға және заңнама талаптарына сәйкес азаматтар мен кәсіпкерлерге одан әрі беру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Айта кетелік Қостанай облысында құны 112 млн теңгеден асатын жер мемлекетке қайтарылған еді