Жетісу облысында 34 мектептегі асхананы тексерген мамандар заң бұзған

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында мектептердегі ыстық тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлерге заңсыз тексеру жүргізілген. Прокуратура заң бұзушылықтарды анықтап, жеті маман мен сегіз аудандық білім бөлімінің басшысын жауапқа тартты.

Фото: pixabay

Жетісу облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуына жүргізілген талдау барысында заңсыз тексеру деректерін анықтады.

Ведомствоаралық сараптамалық топтар өңірдегі 34 мектепте кәсіпкерлердің қызметін тексерген. Олар шарттардың, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың бар-жоғын, ас блоктары мен өндірістік үй-жайлардың, жабдықтар мен тоңазытқыш камералардың жай-күйін қараған.

Алайда бұл тексерулер кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін бұза отырып ұйымдастырылған.

Прокурорлық қадағалау актісінен кейін заң бұзушылыққа жол берген білім бөлімдерінің жеті маманы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 175-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал сегіз аудандық білім бөлімінің басшысы тәртіптік жаза алды.

Облыстық прокуратура кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қызметіне заңсыз араласуға жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Еске салайық, мұның алдында Жамбыл облысында сегіз кәсіпкерге төленбеген субсидия толық өтелгенін жазған едік.