Мәселен, былтырдан бері пайдаланылмаған және мақсатқа сай қолданылмай отырған 375 мың га ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 35,9 мың га жер ауыл тұрғындарына мал жаюға берілді. Сол сияқты мақсатты пайдалану үшін 140 мың гектар жер учаскесі конкурс арқылы үлестірілген. Яғни, аграрлық өңір саналатын аймақта егіс алқаптары мен жайылымдық жер тапшылығы әлі де өзекті. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Бұл туралы Талдықорған қаласында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күні мерекесінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.
«Агроөнеркәсіп саласының басты міндеті – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 120 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан артық өнім өндірілді, оның ішінде сүт өнімдері – 8,2%, сұйық май – 63,9%, балық өнімдері – 47,8%, шұжық өндірісі – 5,7% ұлғайды», - деп атап өтті Б. Исабаев.
Мерекелік іс-шарада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Еңбек ардагері» медалі және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі берілді.
Сондай-ақ «Облыстың үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» аталымы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Жаңа тракторлардың кілті мен І дәрежелі дипломды Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» ЖШС және Сарқан ауданынан «Абылқасымов Б» шаруа қожалығы алды. Өңдеу кәсіпорындары арасында «JLS Сүт» сүт зауыты үздік деп танылып, зауыт басшылығына 1-дәрежелі диплом және сыйлық ретінде 800 мың теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді. 2-орынды «Бақытбек Қаратал» ЖШС және 3-орынды «Текелі сүт зауыты» иеленіп, оларға сәйкесінше 500 мың және 400 мың теңге сыйақы берілді.