Жетісу облысында 62 медицина мекемесі санитарлық талаптарды сақтамаған

Әдетте дәрігерлердің біліктілігі мен емдеу орындарындағы қызмет көрсетудің сапасына байланысты науқастардың шағымы жиі айтылатын. Енді медицина ұйымдарындағы жағдайға тексеруші органдардың да көңілі толмай отыр. Жетісу облысындағы 62 емхана мен ауруханаға тексеру жүргізген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәлімдесінен кейін осылай деуге болады, - деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: freepik.com

Емдеу орындағы қарапайым талаптардың сақталмайтындығына өткен 9 ай бойына терең талдау жасаған эпидемиолог-мамандар көз жеткізген.

- Жетісу облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 62 медициналық ұйымға тексеру жүргізді. Оның отыз бірі кесте бойынша берілген рұқсат негізінде біліктілік немесе рұқсат беру талаптарының сәйкестігін анықтау мақсатында болса және 31 тексеру Бас прокуратураның халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын арттырудағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігіне, жоспардан тыс жасалды. Тексерілген 62 стационардың барлығында өрескел талап бұзушылық анықталды және әкімшілік шара қолданылды. Тексеру қорытындысында облыстың медицина ұйымдарында жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың орындалмауы, инфекциялық бақылау жұмысының жеткіліксіздігі байқалды. Сонымен бірге, ғимараттардағы желдету жүйесінің жарамдылығы, ыстық сумен қамтамасыз етілу, жөндеу жұмыстарының қажеттілігі мәселелері бойынша да ереже бұзушылықтар орын алған. Дезинфекциялық-стерилдеу режимдерінің сақталмауы да тексеру кезінде жүргізілген зертханалық зерттеулер қорытындысымен расталды, - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.

Тексеру нәтижесі бойынша ереже талаптарын бұзған жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 46 млн теңгеге жуық 84 айыппұл салынды. Кемшлікті жою түшін 28 санитарлық ұйғарым беріліп, 1 материал сотқа жолданған. Бірақ, ешқандай лауазымды басшы жұмыстан шеттетілген жоқ.

Сондай-ақ, осы тексерулердің нәтижесінде аталған 62 медицина нысанының он бесіне күрделі жөндеу қажет екені анықталды. Жалпы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 59 денсаулық сақтау мекемесінің ғимаратын салу жоспарланған. Бүгінге дейін 22 нысан салынып қолданысқа берілді.