Жетісу облысында ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында полиция ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Талдықорғанда ер адамдардан ақша бопсалаған қылмыстық топты ұстады. Топ құрамында қыздар мен олардың сыбайластары болып, алдын ала ойластырылған әрі циникалық сызба бойынша әрекет еткен.
Тергеу дерегінше, 2024 жылғы мамырда бірнеше қыз әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен танысып, әңгімелесуді интимдік жақындыққа жеткізген. Кейін сыбайласы жәбірленушіге қоңырау шалып, «құрбысы жылап отыр» деген сылтаумен шақырған. Кездесуде ер адамдарға зорлау туралы арыз жазамыз деп қорқытып, ақша талап еткен.
Осы тәсілмен алғашқы жәбірленушіден 350 мың теңге, екіншісінен «жүктілік» сылтауымен 900 мың теңгеден астам ақша алған. Кейін ер адам қосылып, үшінші жәбірленушіден 2 млн теңге бопсалауға көмектескен, бірақ олар 800 мың теңге алған. Тағы бір жағдайда 795 мың теңге иемденген.
Ең циникалық эпизодтардың бірі – «кәмелетке толмағанды зорлауға оқталу» айыбы болды. Бұл жағдайда төрт күдікті әрекет еткен: бір қыз интимдік қатынасқа түсуі керек болса, үшеуі өздерін туысы ретінде таныстырып, 800 мың теңге талап еткен.
Сонымен қатар, күдіктілер тағы бірнеше жәбірленушіден 600 мың, 1,5 млн және 1 млн теңге бопсалаған. Бір жағдайда өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, күш қолданып, 500 мың теңгені тартып алған.
Барлығы тоғыз күдіктінің 11 ер адамнан ақша бопсалағаны анықталды. Олардың барлығы ұсталып, қамауға алынды.
Полиция интернет арқылы танысқанда сақ болуға және бопсалау жағдайында дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
Айта кетейік, студенттерден ақша бопсалады деген күдікпен 22 жастағы азамат ұсталды.