Бұған дейін облыстық мәслихаттың шешімімен Сарқан және Кербұлақ аудандар пилоттық аймақтар тізбесіне енгізілген болатын. Бүгін осы екі аудан тұрғындары әкім орынтағынан үміткерлерді таңдайды. Сайлау науқаны шеңберінде 94 сайлау учаскесі, сондай-ақ аумақтық комиссиялардың 21 мүшесі және учаскелік сайлау комиссияларының 538 мүшесі жұмылдырылған.
Ал Сарқан және Кербұлақ аудандарындағы сайлаушылардың жалпы саны – 54 760 адам. Сайлау негізінен Кербұлақ ауданында қызу өтетін сияқты. Өйткені, мұнда әкім болғысы келетіндердің қатары көп екен. Бір орынға 6 кандитат тіркелген.
«Мемлекет басшысының аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау туралы бастамасы болды. Бұл мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға және азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешімдер қабылдауға тікелей қатысуын кеңейтуге бағытталған саяси реформалар процесінің маңызды кезеңі. Маңызды саяси науқан Жетісу облысында да өтуде. Сарқан және Кербұлақ аудандарының халқы өз таңдауларын жасайды.
Қос ауданда 55 мыңға жуық сайлаушы бар. Сайлау учаскелері жұмысқа дайын, - дейді Жетісу облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Самат Бейсенов.