Жетісу облысында алты адам 61 бас ірі қара ұрлағаны үшін сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында ірі қара мал ұрлығының бірнеше дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Фото: pexels

Сот талқылауының қорытындысы бойынша Сарқан ауданының алты тұрғыны 61 бас ірі қара мал ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды.

Мал иелеріне келтірілген жалпы шығын көлемі — 28,8 млн теңге.

Полицияның мәліметінше, тергеу барысында күдіктілердің алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткені анықталды. Олар ұрланған малды Алакөл ауданының аумағынан Сарқан ауданына айдап әкеткен. Жануарлардың бір бөлігі кейіннен сойылып, етін сатуды жоспарлаған.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде қылмыстарға қатысы бар барлық тұлғалардың әрқайсысының рөлі анықталды.

— Тергеу амалдары Жетісу облысының прокуратурасымен бірлесіп жүргізілді. Жиналған дәлелдемелер қылмыстардың мән-жайларын және әрбір фигуранттың әрекетін толық анықтауға мүмкіндік берді. Сот үкімімен алты сотталушының барлығы кінәлі деп танылып, 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 50-ге жуық ұрлық жасаған алты қылмыстық топ ұсталғанын хабарлағанбыз.