Жетісу облысында апелляциялық алқа 61 адамның үкімін өзгертті

Фото: Фото: pexels.com

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Былтыр облыстағы судьялардың қылмыстық істерге қатысты шығарған 44 үкімі апелляция арқылы өзгертілді. Бұл туралы Жетісу облыстық соты мәлімдеді.

Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы өңірде сот шешімімен келіспей, апелляцияға жүгінгендер 15 пайызға көбейген. Ал өзгертілген үкім саны 30 пайызға артып, күшін жойған істер 50 пайызға азайды. 

- Есептік кезеңде облыс соттарына 1 191 қылмыстық іс 1 428 адамға қатысты түсті. 2023 жылмен салыстырғанда сотқа түскен қылмыстық істер саны 17%-ға артқан. Барлығы 880 адам сотталды, олардың 276-сы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотталғандар қатарынан 2 адам ақталды, - делінген Жетісу облыстық соттары таратқан мәлімдемеде.

Ал әкімшілік істер бойынша көбіне тұрғын үй, жер даулары және сот орындаушыларының әрекетіне шағымдану және басқа да әкімшілік талап қаралған.

Еске салайық, осыған дейін Жетісу облысы Ақсу аудандық сотының төрағасы жемқорлық күдігіне іліккенін және Жетісуда аудит тексерген мемлекеттік сатып алудың 92%-ынан кемшілік анықталғанын жазғанбыз.