Аталған санаттағы қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстары интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғау жөніндегі жүйелі шаралар шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 7-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 12 эпизоды анықталды. Алаяқтық әрекеттер салдарынан азаматтарға келтірілген жалпы материалдық залал 22 млн теңгеден асты.
Қылмыстық істердің бірі бойынша 2026 жылғы 1 маусымда сот 6 сотталушыға қатысты айыптау үкімін шығарды. Оларға 1 жыл 6 айдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді. Екінші қылмыстық іс соттың қарауында. Биыл Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша 31 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 16 іс сотқа жолданды. Қалған істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Жетісу облысының прокуратурасы банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз қол жеткізу мүмкіндігін беру, табыстау не сатып алу, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесі үшін төлемдер жасау және (немесе) ақша қаражатын аудару қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
-Алаяқтық схемалардың құрбаны болмау үшін азаматтарға банк карталарын, банк шоттарының деректемелерін, SIM-карталарды, растау кодтарын және мобильді банкингке қол жеткізу деректерін үшінші тұлғаларға бермеу ұсынылады. Мұндай әрекеттер алаяқтыққа қатысу ниеті болмаған жағдайда да қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін,-делінген хабарламада.
Осыған дейін ІІМ дроперлік әрекеттерге қатысты тұрғындарға ескерту жасағаны туралы жаздық.