Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына күнделікті 250 жетісулық зейнеткер барады

Фото: Дмитрий Ерофеев

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Осы жылдың басында Талдықорғанда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған болатын. Қазір бұл нысанға күніне 250-ден астам адам келеді.

Мұнда 12 түрлі қызмет көрсетіледі, 40-қа жуық жұмыс орны ашылған.

Фото: Дмитрий Ерофеев

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, Талдықорғанның өзінде 25 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығын құру туралы шешім қабылданған.

Фото: Дмитрий Ерофеев

— Орталықтың негізгі мақсаты — мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік қабілеттерін шыңдау арқылы зейнет жасындағы адамдардың физикалық және психикалық саулығын нығайту. Орталыққа күн сайын 250-ден астам адам келеді. Жыл басынан 50-ден астам іс-шара, сондай-ақ Ақсу, Кербұлақ, Қаратал аудандарының киелі орындарына, тарихи нысандарына экскурсиялар, Абай облысының Семей қаласына сапар ұйымдастырылды. Талдықорғанның зейнеткерлік жастағы кез келген тұрғыны біздің орталыққа келе алады. Мұнда барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Тек жеке куәлігі мен зейнеткер куәлігін алып келуі керек, — деді орталық басшысы Әсет Оразбекұлы.

Фото: Дмитрий Ерофеев

Орталыққа келушілер мұндағы қолайлы жағдайға риза. Солардың бірі - Сайра Ахметова.

— Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына ашылғаннан бері тұрақты келемін. Фитнеспен, йогамен, бимен айналысамын. Емдік массаж курсынан өттім. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы, екіншіден араласатын ортаң кеңейеді, бұл біз үшін өте маңызды. Қаласақ, тіл үйренуге де жағдай жасалған. Мұнда әркім өз қалауына қарай айналысатын іс табады. Орталықты құрған үшін алғыс айтамын, — деді ол.

Фото: Дмитрий Ерофеев
Фото: Дмитрий Ерофеев