Жетісу облысында экономиканың өсу қарқыны 112,9% жетті - әкім

Фото: Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Биыл Жетісу облысының даму көрсеткіші айтарлықтай өскен. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл 6 айдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің көлемі 12,6%-ға өсіп, 695,5 млрд теңгені құрады. Осы жылдың 10 айында барлық индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалды. Экономиканың өсу қарқыны — 112,9%. Былтыр 104% болған. Бұл — республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіштің бірі. Салалар бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есе ұлғайды, тұрғын үйді пайдалануға беру — 22,6%, сауда — 1,6 есе өсті», — деді Бейбіт Исабаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Жыл басынан бері облыс экономикасына 20% өсіммен 240,7 млрд теңге инвестиция тартылған, оның ішінде жеке инвестиция — 143,4 млрд теңге.

«Мемлекеттік бюджетке түсім 241 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджетке 180 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп, жергілікті бюджетке түскен түсім 25% өсіп, 60 млрд теңгені құрады», — дейді ол.