Жетісу облысында есірткі өткізумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен синтетикалық есірткі заттарын өткізумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылды.

Фото: Freepik

Бас прокуратураның мәліметінше, жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топтың 8 қатысушысы ұсталды. Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес, қылмыстық әрекет шетелден үйлестірілген. Ұйымдастырушы синтетикалық есірткі заттарын жеткізуді қамтамасыз етіп, топ мүшелері арасында міндеттерді бөлген, жасырын орындардың координаттарын жіберген, қылмыстық тапсырмалардың орындалуын бақылаған, сондай-ақ криптовалюта арқылы есеп айырысуды жүзеге асырған.

— Алдын ала анықталғандай, ұйымдасқан топ мүшелері ұйымдастырушының нұсқауы бойынша Талдықорған, Алматы, Қонаев, Қаскелең және Павлодар қалаларының аумағында жасырын орындар дайындаған. Жүргізілген тергеу және жедел іс-шаралар барысында құрамында синтетикалық есірткі заты «мефедрон» болуы мүмкін ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сот сараптамасына жолданған өзге де заттар, дәлелдемелік маңызы бар ақпараттар сақталған ұялы телефондар, сондай-ақ «Exodus»криптовалюта әмияны арқылы жүргізілген есеп айырысулар туралы мәліметтер тәркіленді, — деп хабарлады ведомство.

Анықталған барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. 

Қазіргі уақытта ұйымдастырушының жеке басын, оның орналасқан жерін, есірткі заттарын жеткізу арналары мен заңсыз әрекетке қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Жетісу облысы прокуратурасының бақылауында.  

Еске салайық, бұған дейін Астана тұрғынының пәтерінен 100-ден астам есірткі дозасы табылғанын хабарлағанбыз.