Жетісу облысында халықты сумен жабдықтау жобалары тоқтап қалу мүмкін - Ғалиасқар Сарыбаев

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысы тұрғындарын сумен қамту мәселесін көтерді.

Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған сенатордың айтуынша, таза ауыз судың тапшылығы мен су құбырлары желілерінің жоғары тозуы жылдар бойы халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер етіп, ауру-сырқаудың өсуіне, әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымның дамуын тежеп, көші-қон үдерістерін күшейтіп отыр.

- 2023-2025 жылдары облыста жалпы соммасы 25,9 миллиард теңгені құрайтын 4 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, 15 елді мекенде ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлаған. Осы жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 13,6 миллиард теңге бөлу туралы ұсыным жіберілген. Алайда, республикалық және жергілікті бюджеттен республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаражаттың қосымша түсімі есебінен Ұлттық қор мен республикалық қазынадан бар болғаны 8 жобаға 2,5 миллиард теңге бөлінген. 2025 жылы Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандарының 7 елді мекенінде, Талдықорған және Текелі қалаларында сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталған. Бүгінгі күні жобалар ішінара жүзеге асырылуда және қосымша қаржыландырусыз жұмыстардың тоқтап қалу қаупі бар, - деді сенатор.

Осы орайда Ғалиасқар Сарыбаев аталған жобаларды уақытылы іске асырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, Премьер-инистрді Президент тапсырмаларының орындалуын қатаң бақылауға алып, бюджет өтінімдерін кезең-кезеңімен қолдауға және Жетісу мен жалпы елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған барлық инфрақұрылымдық бастаманың жүзеге асуына ықпал етуге шақырды.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң имақұлданды.