Жетісу облысында қаңғыбас ит қапқан 800 адам дәрігер көмегіне жүгінген

Фото: Фото: Рixabay

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында қаңғыбас иттердің көбеюі өзекті мәселеге айналды. Мұны әлеуметтік желілер арқылы тараған азаматтардың арыз-шағымдарынан байқауға болады. Жыл басынан бері қабаған ит қапқан онға жуық адам медициналық жәрдем алып үлгерген Ал былтыр қараусыз иттердің шабуылына 800 адам ұшырапты.  

– 2023 жылы денсаулық сақтау мекемелеріне жануарлардың адам шабуылына байланысты 819 жағдайы туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Ауылдық округтердің мал дәрігерлері 502 үй жануарларын клиникалық бақылауға алып, қорытындысы бойынша иелеріне 474 анықтама берді. Қалған 317 жануардың иелері анықталған жоқ - дейді Жетісу облысы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Дархан Әбілбаев .


Сондай-ақ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды жүзеге асыру мақсатында өткен жылы Ішкі істер басқармасының қызметкерлері 31 адамға ескерту жасапты. Ал 136 азамат 739 815 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Жалпы өткен жылы Жетісу өңірінде барлығы 12 933 қаңғыбас ит пен 134 мысық ауланған. Оның ішінде 850-ге жуық үй жануарлары иесіне қайтарылып, қорғау ұйымдарына берілді. 1500-ге жуық ит пен мысық кастрацияланса, 606-сы залалсыздандырылып, микрочиптелді. Ал 10 мыңнан астамы ізгілік жолмен жойылған.


– 2021 жылғы 30 желтоқсанда № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы күшіне енді. Осы заң аясында 2023 жылы төрт маңызды бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен қомақты қаржы – 170 миллион теңге бөлінді. Олар «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жансыздандыру», «Қаңғыбас және қаңғыбас жануарларды уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізу», «Қараусыз және қаңғыбас жануаларды сәйкесендіру», «Қаңғыбас жануарларды егу және залалсыздандыру» бағдарламаларына биыл да қаржылай қолдау көрсетіліп облыстық бюджеттен қосымша 172,4 миллион теңге бөлінді, - дейді Жетісу облысы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Дархан Әбілбаев .