Жетісу облысында қазақша үйренушілер қатары көбейді

 Жетісу облысында мемлекеттік тілді үйренушілер қатары көбейіп келеді. Былтыр «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының курстарына қазақша үйрену үшін 818 адам жазылса, биыл бұл сан 2267 адамға жеткен, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы.

Өңірде былтырдан бастап қазақ тілін қысқа мерзімде оқыту жобасы – «Қазақша сөйлейік!» сөйлеу практикасының клубы жұмыс істей бастаған. Бұл клуб тыңдаушыларға 1 жарым ай ішінде қазақ тілінде сөйлеуді қарапайым деңгейде үйренуге, біртіндеп ауызша сөйлеуді меңгеруге көмектеседі. Нәтижесінде үйренушілер тілдік кедергіні еңсеруге жәрдемдесіп қана қоймай, әрі қарай оқуға мүмкіндік алады.

Фото: Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы

Талдықорғандағы «Тіл» орталығының оқытушысы Жанар Елесбаеваның айтуынша, оқыту әдістемесінің сөйлесуге ыңғайлы болуы адамдардың тіл үйренуге деген ынтасын арттырады екен.

«Бізге қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін тұрғындар жиі жүгінеді. Бірінші кезекте олар қарапайым тұрмыста айтылатын сөйлемдерге иек арта отырып, шаштаразда, кафеде, емханада, дүкенде және жұмыс орындарында өз клиенттерімен байланыс жасауды үйренеді. Сөйлеу клубындағы оқыту әдістемесі осы принципке негізделген. Біз тегін оқытамыз. Өткен жылы осы бағдарламамен 392 тыңдаушы білім алды, биыл да шамамен 400-ге жуық тыңдаушы болады, - дейді Жанар Елесбаева.

Фото: Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы.

 

Сондай-ақ «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында мемлекеттік тілден бөлек орысша және ағылшынша үйренуге де мүмкіндік бар. Қазір орталықтың Талдықорғандағы және аудандағы филиалдарында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үш мыңға жуық адам үйреніп жүр екен.