Облыс эпидемиологтарын қызылшаға қарсы вакцина алмаған адамдардың жыл сайын көбейіп отырғаны алаңдатады. Мәселен, 2020 жылы 285 тұрғын ауруға қарсы екпе салдырудан бас тартса, биылғы 10 айда бұл көрсеткіш 496 адамға жеткен.
Ал қазір дәрігерлердің көмегіне жүгінген 282 науқастың арасында вакцинадан бас тартқан 239 адам бар екен. Сондай-ақ жұқпалы дертпен ауырған науқастардың көбі 4 жасқа дейінгі балалар болып отыр.
«Қандай да болсын екпеден бас тартудың соңы жұқпалы ауру тараған кезде қиынға соғады. Қазіргі қызылша эпидемиясының өршуі осыны көрсетіп отыр. Вакцинация жасаудан жеке ұстанымы мен діни сеніміне байланысты үзілді-кесілді бас тартатындар бар. Оған интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерде тараған негізсіз алынған ақпаратқа сеніп, балаларына екпе салдырмайтындар қосылды. Осылайша, аймақтағы эпидемиялық жағдайдың асқынуына өзіміз жол беріп отырмыз», – дейді Жетісу облысының штаттан тыс эпидемиологы Рандир Сахариев.