Жетісу облысында өрт оқиғалары көбейді
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM – Жетісу облысында тұрғын үй секторындағы өрт оқиғалары алаңдаушылық туғызып отыр. Өткен жылыту маусымында 187 өрт тіркеліп, 14 адам көз жұмған. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға жоғары.
Бұл мәселе жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев баяндады.
– Өрттердің негізгі себептері ескі пештер, қауіпті электр желілері мен техникалық ақаулар. Бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар қолға алынды, – деді басқарма басшысы.
Осыған орай 15 тамыз бен 1 қазан аралығында облыста «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланды.
Бұл кезеңде түсіндіру жұмыстары, алдын алу шаралары, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасыларға датчиктер орнату жүргізіледі.
– Былтыр 936 отбасының үйіне түтін және газ датчиктері орнатылды. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады, – деді спикер.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға пештерді жөндеуді, мұржаларды тазалауды және ескі сымдарды ауыстыруды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтауға шақырып отыр.
Еске салайық, жеке тұрғын үйде өрт оқиғаларының көбеюінің бірнеше себебі айтылғанын жазғанбыз.