Жетісу облысында полиция қызметкеріне қол көтерген тұрғын сотталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының Қаратал ауданында полиция қызметкеріне күш қолданған Үштөбе қаласының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Жетісу облысы прокуратурасының мәліметінше, оқиға учаскелік инспектордың «102» пультіне түскен шақырту бойынша барған кезінде болған.

Тергеу барысында ер адамның полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, агрессия танытқаны анықталған.

Ол тәртіп сақшысының бетінен алақанмен ұрып, қызметтік бейнежетонын жұлып алған және погонын зақымдаған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынған.

- Сот шешімімен қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкеріне шабуыл жасаған азамат 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сонымен қатар сотталған адам мәжбүрлі еңбекке тартылып, мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық өндірілді, - деп жазды қадағалаушы органнан.

Жетісу облысының прокуратурасы құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты кез келген заңсыз әрекет қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Алматыда урбанистика басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот қайта басталды.