Жетісу облысының тұрғыны 2 сұңқарды үйінде заңсыз ұстаған

Фото: Polisia.kz

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сәтті операция жүргізді. Нәтижесінде Кербұлақ ауданының тұрғыны ұсталды. 

Polisia.kz порталының мәліметінше, аталған азамат өз үйінде екі сұңқар мен қолдан жасалған торды заңсыз сақтап келген.

Аталған жағдай бойынша еліміздің Қылмыстық кодексіне сәйкес, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз ұстау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәркіленген құстар арнайы мамандардың қарауына беріліп, олардың жағдайы бақылауға алынды. 

Полиция табиғатты қорғауға бағытталған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл бастаманың негізгі мақсаты — еліміздің табиғи байлықтарын сақтау және экологиялық тепе-теңдікті бұзатын әрекеттердің жолын кесу.

Құқық қорғау органдары барлық азаматты табиғатты аялауға шақырады. 

Еске салсақ, бұдан бұрын ШҚО-да Қызыл кітапқа енген құсты ұстап алған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.