Жетісу облысында Тәуелсіздік есімді жеткіншек тұрады

Фото: Панфилов ауданының әкімдігі

2011 жылы елдің ең ұлық мерекесін атап өтіп жатқанда дүниеге келген үйдің тұңғышын ата-анасы Тәуелсіздік деп атаған. Жетісу облысының Панфилов ауданында тұратын жеткіншек 7-сыныпта оқиды, деп хабарлайды Kazinform.

Тәуелсіздік — озат оқушы әрі сынып старостасы. Мектептегі іс-шараларға белсенді қатысып, әрдайым алда жүретін ол болашақта елге еңбегі сіңетін азамат болуды армандайды.

Тұңғышына ерекше есім берген Тәуелсіздіктің әкесі мұны егемендіктің құрметіне арнайы қойғанын айтады. 

«Желтоқсан оқиғасында ел тәуелсіздігі үшін біздің ауданның екі азаматы құрбан болды. Соның бірі Ләззат Асанова біздің туған ауылымыздың тұрғыны еді. Ербол да біздің ауданның азаматы. Екеуі де жастық шағына қарамай ел егемендігі жолында жанын берді. Осындай ерлік ұмытылмауы тиіс. Балама Тәуелсіздік атын егемендіктің қадірін біліп, әрдайым есінен шығармау мақсатында арнайы қойдым», - дейді Тәуелсіздіктің әкесі Батырбек Нүсіпов.

Фото: Панфилов ауданының әкімдігі

Мерекеге орай елде жоқ есімді арқалаған жеткіншекке Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек арнайы сый көрсетіп, ата-аналарына алғысын білдірді.

«Біздің Жаркент өңірінің тұрғындары тәуелсіздік үшін ерекше үлес қосты. Екі боздағымыз осы жолда құрбан болды. Бұндай қасірет тек біздің ауданда ғана болды. Енді міне, Тәуелсіздік есімін арқалаған балақай да тек біздің ауданда ғана өсіп жатыр. Бұл біздің ауданның Тәуелсіздікке деген ерекше құрметі», - дейді әкім.

Нүсіповтар әулеті — ауылдағы үлгілі, жұртқа танымал отбасы. Жеке шаруашылықпен айналысатын әке мен шеше үш баланы тәрбиелеп отыр. Олар балаларының болашағы жарқын, елге пайдасы тиетін танымал азамат болуын армандайды.