Жетісу облысында TikTok арқылы заңсыз ойын ұйымдастырғандар 4 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM - Жетісу облысында TikTok әлеуметтік желісі арқылы заңсыз карта ойындарын ұйымдастырып, 95 млн теңге табыс алған төрт адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Жетісу облысының прокуратурасы.

Фото: Kazinform/ЖИ

Прокуратураның үйлестіруімен заңсыз табыс табу мақсатында құмар ойындарын ұйымдастырған төрт адамның заңсыз қызметі тоқтатылды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында облыстың төрт тұрғынының, олардың біреуі қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде кәмелетке толмаған болған, «TikTok» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирлерде заңсыз карта ойындарын ұйымдастырғаны анықталды.

Құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде олар 95 млн теңге мөлшерінде заңсыз табыс алған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру).

Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілей отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жетісу облысының прокуратурасы құмар ойындарды ұйымдастыруға байланысты заңсыз қызметті, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда.

Осыған дейін СҚО-да құмар ойынға салынған үш мемқызметші жұмыстан шығарылғаны туралы жаздық.