Жетісу облысында төртем босанған ана перзентханадан шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны бірден төрт ұл баланы дүниеге әкелді. Бүгін анасы мен сәбилері перзентханадан салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қуанышты оқиға Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында болды. Төртемнің дүниеге келуімен отбасындағы бала саны жетеуге жетті.

Нәрестелер 24 қыркүйекте жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Ата-анасы сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есімдер қойған.

– Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде, бойымды сан түрлі сезім биледі. Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім. Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне шексіз алғыс айтамын! – деді төртемнің анасы.

Министрліктің мәліметінше, төртемге жүкті болу – өте сирек кездесетін жағдай. Мұндай жүктілік дәрігерлерден жоғары кәсіби біліктілік пен ерекше бақылауды талап етеді.

Болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының бақылауында болған. Мерзімінен бұрын босану қаупі жоғары болғандықтан, дәрігерлер ана мен сәбилердің жағдайын тұрақты қадағалап, ықтимал асқынулардың алдын алу шараларын жүргізген.

Медициналық көмекті ұйымдастыруға акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтар жұмылдырылған.

Денсаулық сақтау министрлігі мұндай күрделі жағдайларда ана мен нәрестелердің денсаулығын сақтау үшін мамандардың үйлесімді жұмысы мен жоғары технологиялық медициналық көмектің маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада да төртем дүниеге келген болатын. 2016 жылы елордадағы перинаталдық орталықта 34 жастағы әйел екі ұл мен екі қызды өмірге әкелген.