Жетісу облысында туризмді дамыту басқармасы құрылады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының туризмі бес негізгі туристік бағытқа негізделген. Олар — Алакөл мен Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктері және Жоңғар Алатауы таулы жотасы, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
— Биыл туризм саласына бөлінген қаражат облыстың даму бюджетінің 30 пайызын құрайды. Осы арқылы туристік нысандардың қолжетімділік мәселелері шешілуде. Ең алдымен бұл — жол, су, жарық мәселелері. Алакөлге баратын жолдың қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, Балқашқа жол қатынасы қамтамасыз етілді. Келесі жылы жолды толық тапсыру жоспарланған. Жасылкөл көліне баратын жолдың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, ал биыл тағы бір маңызды көрнекті орын — Бурхан-Бұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы басталды. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Осылайша, туристік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мен саланы дамытуға қажетті жағдайлар жасау бойынша барлық жұмыс атқарылуда, — деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Аймақ басшысының айтуынша, жыл соңына дейін облыста туризмді дамытуға жауапты басқарма құрылып, аудан мен қалаларда туризм саласының мамандары көбейтіледі. Сонымен қатар, келесі шомылу маусымына дейін Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауын санитарлық жағынан күтіп-ұстауға жауапты коммуналдық кәсіпорын құрылмақ. Осыған байланысты кадр мәселесі өзекті болып отыр.
— Бізге тіл білетін, туризмді дамытудың заманауи көзқарасына ие мамандар қажет. Осы мақсатта биыл Алакөл ауданындағы колледжде «Туризм» мамандығы ашылды. Жетісу университетінде де осы бағытта мамандар даярлануда. Әрине, бұл тек бастамасы. Маңыздысы — жергілікті туристік бизнес өкілдері де білікті кадрларды тарту ісіне белсенді араласуы керек. Бізге аудармашылар, гидтер, менеджерлер мен ұйымдастырушылар қажет. Бұл — туризмнің табысты дамуына ықпал ететін тағы бір маңызды фактор, — деді Исабаев.
Мәліметке сәйкес, өткен жылы Жетісу облысын 2 миллион адам келіп тамашалаған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Ал шетелдік туристер саны 63,6 пайызға өскен. Инфрақұрылымның дамуы орналастыру орындарының көбеюіне, ақылы қызметтер көлемі мен бюджетке түсетін түсімдердің артуына сеп болған.
Бұған қоса, Жетісу облысы туризм саласында мемлекеттік қолдау шараларын игеру бойынша республикада үшінші орында тұр.
— Бизнестің өзі де инвесторлар тартумен, туризмді ілгерілетумен және жарнамалаумен айналысуы керек. Осылайша, бірлескен күш-жігер арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін қажетті нәтижеге қол жеткіземіз, — деп түйіндеді Б. Исабаев. Сонымен қатар, ол жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда: туристік нысандарды заңдастыру, адал кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, туристік инфрақұрылым жобаларын уақытында әрі сапалы аяқтау, туризм басқармасын құру сынды міндеттер жүктелді.
Бұған дейін Жетісу облысында заманауи аккумулятор зауыты іске қосылып, 180 жаңа жұмыс орны ашылғаны хабарланған болатын.