Жетісу облысында вакцинаға қатысты 11 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының прокурорлары вакцинация туралы заңнаманың бұзылғанын анықтады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

Облыстың денсаулық сақтау саласындағы прокурорлары бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын әрі вакцинация туралы заңнаманың бұзылғанын сондай-ақ жалған вакцинация сатып алу фактілерін анықтаған.

«Денсаулық сақтау саласындағы жауапты лауазымды тұлғалардың кінәсінен қажетті вакциналар уақтылы сатып алынбаған, нәтижесінде бір жылға дейін 7 мыңнан астам бала полиомиелитке қарсы егілмеген» - делінген хабарламада. 

Бұдан өзге «А гепатитіне» қарсы препараттың артық мөлшеріне қарамастан, 2023 жылы 135 млн теңгеден астам сомаға қосымша 35 мың вакцина сатып алынған.

Заң бойынша вакцинаны сақтау мерзімі 6 айдан аспауы керек.

Қадағалау актісіне сай, облыстың Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасарын қоса алғанда, 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 126 тұлға жалпы сомасы 8,5 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.