Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 20 жастағы Рамазан Тергеубаев Қазақстан Қарулы күштер қатарына 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында алынған. Оқиға 19 қаңтар күні кешке Ескелді ауданындағы Қарабұлақ ауылында орналасқан №18386 әскери бөлімнің казармасында болған.
Хабарламада айтылғандай, күн тәртібінің сақталуын бақылауға жауапты болған аға лейтенант О. сарбазды басынан орындықпен ұрған. Бұған сарбаздың бекетке күртесінің түймесін салмай жүгіріп келгені себеп болған. Бұл әскери киім тәртібін бұзу ретінде бағаланған.
Сот-медициналық сараптама Рамазан Тергеубаевтың маңдай тұсынан соғылған жарақат алғанын анықтады. Жарақаттың доғал қатты заттың әсерінен пайда болғаны айтылған.
Аталған дерек бойынша 25 жастағы офицерге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 451-бабы 1-бөлігі («Бастықтың билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалануы») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кейін жәбірленуші тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату туралы өтініш беріп, 9 ақпанда тергеу негізсіз тоқтатылған.
Алайда сарбаздың анасы Талдықорған қаласындағы оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасына шағым түсіріп, істі қайта қарауды талап еткен. Ол сондай-ақ сол әскери бөлімде қызметін жалғастырып жатқан ұлының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған.
Анасының айтуынша, оқиғадан кейін әскери бөлім басшылығы оған ұлы құлап қалып, басын үстелге соғып алғанын айтқан.
— Оқиғадан бірнеше күн өткен соң маған бөлім командирінің орынбасары мен рота командирі келді. Олар ұлым жай ғана құлап, басын соғып алғанын айтты. Мен сол кезде оларға сендім. Кейін басқа сарбаздардың ата-аналарынан бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білдім, — деді әскери қызметкердің анасы.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мәліметінше, аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ведомствоның хабарлауынша, бұған дейін қылмыстық іс жәбірленушінің татуласу туралы өтініші негізінде тоқтатылған. Алайда жаңа мән-жайлардың пайда болуына байланысты әскери-тергеу басқармасы істі қайта жандандырған.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ министрлік қызметтік тексеріс нәтижесінде бірнеше лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, қызметті ұйымдастыруды жеткілікті бақыламағаны үшін әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, рота командирі және тағы бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Министрлік Қарулы күштерде кез келген зорлық-зомбылық пен қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану әрекеттеріне жол берілмейтінін атап өтті. Оқиғаға қатысушылардың әрекетіне соңғы құқықтық баға сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін беріледі.
Бұған дейін Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметтегі сарбазға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Отардағы әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылып, жағы сынған болатын.