Жетісу облысында заңсыз активтер есебінен жаңа мектеп салынады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Бүгін Текелі қаласы Рудничный ауылында жаңа мектептің капсуласын салу рәсімі атқарылып, салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, облыс әкімі Бейбіт Исабаев және ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы өңірлік әкімдік мәлім етті.
Алдымен сөз алған Бас прокурор Берік Асылов елден заңсыз шығарылған активтер есебінен мектеп салу ісі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған елдегі жаңа реформалардың нәтижесі екенін тілге тиек етті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қайтарылған активтер қоғам игілігіне жұмсалмақ. Атап атқанда, мемлекет үшін маңызды жобалар — мектеп, балабақша, аурухана, спорт кешендері, мәдени орталықтар, және әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Сол арқылы бірқатар мәселе шешімін табуда. 1,5 жылда Елімізден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комитет 1,2 трлн теңгеден астам қаражатты қайтару бойынша шара қабылдады, оның 785 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды, — деді бас прокурор.
Мұнан соң көпшілікті игі қуанышпен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады:
— Мемлекет басшысының өзі ауыл оқушыларының білім деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөліп, оқу-ағарту саласын дамыту, білім мекемелерін заманауи құралдармен жабдықтау, ауыл мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыру бағытында алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл ретте ауылдық жерлердегі мектептердің білім сапасын арттыру өте маңызды. Кірпіші қаланып жатқан мектеп — болашақта облысымыздағы көрнекті білім ордаларының қатарында болатынына сенеміз, — деді өңір басшысы.
Текелі қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев ауыл тұрғындарының атынан ризашылық білдірді.
Бұдан соң мектеп капсуласын салу рәсімі атқарылды.
Жалпы Рудничный ауылындағы № 7 орта мектептің ғимараты 1970 жылы салынған болатын. Мұнда 148 оқушы білім алса, мектепке дейінгі шағын орталықта — 30, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие тобында 26 бала бар. Оларға 40 педагог білім мен тәрбие беріп отыр.
Тозығы жеткен мектеп ғимараты Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен биыл жаңадан салына бастады. Ескі мектептің орнына 30 орындық шағын орталығы бар 200 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс алаңына жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылған. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес келесі жылдың қаңтар айында салынып бітуі тиіс.
Құрылыстың біткенін оқушылар да, ата-аналар да асыға күтеді.
— Осы ауылдың жергілікті тұрғынымыз. Бұрын басқа жаңа мектептерге қарап, қызығып жүретінбіз. Менің 3 ұлым мектепте оқиды. Жаңа мектеп салына бастағанын көргенде қуандық. Ішінде соңғы үлгідегі құралдары, интерактивті тақтасы болса, балалар заманға сай білім алады, жаңа мектеп балаларымыз үшін білімнің алтын ұясы болады деп ойлаймыз, — дейді Рудничный ауылының тұрғыны, ата ана Ғалия Ермекқызы.
Атап өтсек, Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен облыста тағы бір білім нысанына — Кербұлақ ауданы Көксай ауылындағы орта мектептің құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылға аталған қор қаражатына тағы 5 мектептің құрылысын жүргізуге өтінім берілді.
Жалпы Жетісу облысы бойынша мемлекетке прокуратура органдарының жұмысы нәтижесінде қайтарылған активтер есебінен 22 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр.
Айта кетейік, Жетісу облысында сегіз жаңа су қоймасы салынбақшы.