Жетісу облысында жаңа ХҚКО ашылды

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы, облыс әкімдігімен бірлесіп Көксу ауданы Балпық би ауылы, Балпық би көшесі, 10в мекен жайында жаңа ХҚКО ашылды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ХҚКО баспасөз қызметі

Айта кетейік, бұған дейін азаматтарды Измайылов көшесі, 10 мекенжайы бойынша қабылдаған болатын. Жаңа екі қабатты орталықтың ауданы 1 200 шаршы метрді құрайды, бұл алдыңғы орталықтан үш есе көп. Бірінші қабатта ХҚКО орналасқан, екінші қабатта АХАТ, әлеуметтік қамсыздандыру және жер кадастры қызметтері көрсетіледі. 

Жаңа ХҚКО бірнеше секторға бөлінген. E-otinish орталығында мемлекеттік органға электрондық өтініш беруге, беру аймағында – дайын құжатты алуға, ал жайлылық аймағында қызмет алушылар оператордың көмегінсіз Электрондық үкімет порталы, «Мобильдік ХҚКО» қосымшасы және eGov mobile арқылы қызметтерді өз бетінше алуына мүмкіндік бар. 

Фото: ХҚКО баспасөз қызметі

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жаңа ХҚКО-да мемлекеттік қызметтер көрсету үшін пандус, лифт және жеке терезе көзделген. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі де бар. Айта кетейік, жаңа ХҚКО-ға күніне 200-ге жуық ауыл тұрғыны келеді деп болжануда. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Жетісу облысында 10 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері облыс азаматтарына 270 мыңға жуық қызмет көрсетілген. 

Фото: ХҚКО баспасөз қызметі