Жетісу облысындағы әйелдің өліміне қатысты іс ерекше бақылауға алынды

Фото: Марқұм Айзат Мараттың туыстарынан

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында орын алған ауыр қылмыс туралы ақпарат тарады. Онда 32 жастағы Айзат Жуманованың өліміне қатысты жағдай баяндалған. Осы жағдайға байланысты Kazinform тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысты.

Полицияның мәліметінше, 2025 жылғы 22 маусым күні сағат 02:30 шамасында ауыр хәлдегі Айзат Жуманова облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер келгеннен кейін жарты сағат ішінде оның қайтыс болғанын тіркеген. 

Қасақана ауыр дене жарақатын салу фактісі бойынша, жәбірленушінің қайтыс болуына әкеп соққан қылмысқа қатысты полиция тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. 

– Аталған қылмыстық іс Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Қазіргі уақытта күдікті ретінде жәбірленушінің жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп нақтылады ведомстводан. 

Полиция өкілдерінің айтуынша, тергеу аясында барлық қажетті жедел-тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, іске қатысы бар тұлғалардың барлық уәжі мен дәлелдері мұқият тексеріліп жатыр. 

– Тергеу процесі заң талаптарына сай орындалуда. Қылмыстық іс бойынша объективті және жан-жақты шешім қабылдануы үшін барлық дәлел толық көлемде қаралады. Қылмысқа кінәлі тұлғалар заң аясында жауапқа тартылады, - деді полиция департаментінен. 

Айта кетейік, марқұмның туыстары бұл істі аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру ретінде қайта саралауды талап қойып отыр. Олар Айзат Жуманова ауыр азаптауға ұшырап, қатыгездікпен өлтірілгенін алға тартады. Қаза тапқан әйелдің артында екі жасар қызы қалған. Жанұя мүшелерінің айтуынша, оқиға сәбидің көз алдында болған. 

Іс бойынша өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді. 

Бұған дейін, Жетісу облысында күйеуі әйелін өлтірді деген күдікке ілінгенін жазғанбыз.