«Жетісу» сырт алаңда жеңіске жетті, «Атырау» мен «Оқжетпес» тең тарқасты

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 14-туры аясында екі кездесу өтті. 

Алдымен жезқазғандық «Ұлытау» командасы өз алаңында талдықорғандық «Жетісу» командасымен кездесті. Алаң иелері сапынан Сергей Кейлер кездесудің 21 минутында көзге түсіп, өз командасын есепте алға шығарды. Екінші таймда Самат Смақовтың футболшылары таразы басын теңестіріп қана қоймай, жеңісті голды да соқты. 49 және 62 минутта талдықорғандық клубтың шабуылшысы Руслан Болов қарсылас команда қақпасын дәл көздеді. Осылайша ресейлік ойыншы дубль авторы атанды.  

Ал осы жеңісінен кейін турнирлік кестеде «Жетісу» командасы 13 ұпаймен 10-орынға көтерілді. 

«Атырау» мен «Оқжетпес» арасындағы ойын тартысқа толы болғанымен, есеп ашылған жоқ. Қос команда 0:0 есебіне қанағат білдіріп, тең тарқасты. Команда тізгінін қайта қолға алған Виталий Жуковский осы маусымдағы алғашқы кездесуінде командасына 1 ұпай сыйлады. 

Көкшетаулық команда 21 ұпаймен 6-орынға жайғасса, «мұнайшылар» 5 ұпаймен турнирлік кестенің соңында тұр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Футболдан Қазақстан Бірінші лигасында «Каспий» оныншы мәрте жеңіске жеткенін жазған едік.