«Жетісу» волейбол клубы Азия чемпиондар лигасының қола жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Таиландта волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан Азия чемпиондар лигасының қола жүлдегері анықталды.

Фото: volleyfederationkz Instagram парақшасы

Қазақстанның он дүркін чемпионы «Жетісу» (Талдықорған) командасы таиландық «SUPREME CHONBURI» клубымен қола медальді сарапқа салды.

Сербиялық бапкер Марко Гршич бастапқы құрамда Татьяна Никитина, Валерия Якутина, Наталья Борисенко, сондай-ақ қытайлық Мяо Йвэнь, украиналық байланыстырушы Дарья Шаргородская, ресейлік, команда капитаны Мария Фролованы шығарды. Либеролар Мәдина Бекет пен Мария Сырыгина бір-бірін алмастырып отырды.

Талдықорғандықтар бірінші партияда басымдылықты берген жоқ – 25:18. Екінші сет қиындау басталып, М.Фролованың орнына Кристина Белова шықты – 25:15.

Тартысты өткен үшінші сет те «Жетісудың» пайдасына шешілді – 25:21. Қорытынды есеп – 3:0.

Осылайша, өткен жылы жеңімпаз атанған талдықорғандықтар биыл қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия чемпиондар лигасында «Жетісудың» қола жүлде үшін таласатынын жазған болатынбыз.