«Жетісу» волейбол клубы Петропавлдағы турды жеңіспен бастады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының ойындары өтуде.
Жексенбі күні алғашқы болып алаңға «Алматы» мен ұлттық лигаға өткен жылы ғана қосылған Оралдың «Грация KZ» командасы шықты.
Бірінші партияда алматылықтар 25:17 есебімен басым түссе, екіншісінде оралдықтар есе қайырды – 27:25. Дегенмен тәжірибесі мол алматылықтар өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 26:24, 25:12. Қорытынды есеп – 3:1.
Көш басындағы командалардың бірі «Жетісу» (Талдықорған) 2024-2025 жылғы маусымды сәтті бастаған «Қарағандыны» 3:0 (25:21, 25:19, 25:17) есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері ұпай санын 41-ге жеткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын нығайта түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Петропавлда волейболдан әйелдер арасында ұлттық лига командалары сынға түсетінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Оралда волейболдан қыздар арасында Қазақстан қысқы чемпионаты аяқталды.