«Жетісу» волейболдан Азия чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Фото: Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Филиппинде волейболдан әйелдер арасында Азия чемпиондар лигасының ойындары өтіп жатыр.

Қазақстан чемпионы, кубок пен суперкубок иегері «Жетісу» командасы «А» тобындағы алғашқы кездесуін филиппиндік «Creamline cool smashers» клубымен өткізді.

Сербиялық маман Марко Гршич бастапқы құрамда Карина Денисова, Валерия Якутина, Наталья Борисенко, Кристина Белова, Татьяна Никитина, Дарья Шаргородская (байланыстырушы) және либеро Мәдина Бекетке сенім артты.

Филипиндік команда құрамында бұдан бұрын Қазақстанда өнер көрсеткен Анастасия Коломоец пен Анастасия Кудряшова алаңға шықты.

М.Гршичтің шәкірттері шабуылда да, қорғаныс пен тосқауыл қоюда да ептілік танытып, 3:0 (25:16, 25:17, 25:17) есебімен жеңіске жетті.

Кеше филиппиндік клуб иорданиялық «Al Nasser» командасын 3:0 (29:27, 25:20, 25:19) есебімен тізе бүктірген болатын.

Ертең «Жетісу» иорданиялық ұжымды ұтса, өз тобынан ширек финалға бірінші орынмен жолдама алады.

Осыған дейін Азия клубтық чемпионаты аталып келген жарыста талдықорғандықтар бұдан бұрын жеңімпаз болған емес.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» клубы бақ сынайтынын жазған болатынбыз.