Жетісуда 85 пайызға тозған негізгі қазандық газға көшіріледі
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM – Жетісу облысы 2025-2026 жылғы жылыту маусымына белсенді дайындалып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев мәлімдеді.
– Жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 14,8 млрд теңге бөлінді. Оның 6,6 млрд теңгесі – жылу нысандарын жөндеуге, 8,2 млрд теңгесі – отын сатып алуға бағытталды. Қазіргі уақытта инфрақұрылымның дайындығы 84 пайызды құрап отыр, – деді басқарма басшысы.
Талдықорған қаласындағы негізгі жылу көзі – «Басқуат» қазандығы. Қазір бұл нысанның тозу деңгейі 85 пайызға жеткен. Осыған байланысты оны газға көшіру және жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр.
– Сонымен қатар қосымша қазандықтар мен газтурбиналық станция құрылысы жүріп жатыр. Бұл болашақта «Басқуат» қазандығына түсетін жүктемені азайтады, – деді Айдос Бекетаев.
Сондай-ақ Текелі қаласында ЖЭО-ны кеңейту жұмыстары басталған. Бұл жоба қаланың жылу көздерін әртараптандыруға және апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Бұған дейін, Ақтөбе қаласында кейбір көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайын емес екенін хабарлағанбыз.